Әскери қызметші жекпе-жек кезінде есінен танып қалды: желіде видео жарияланды
Әскерилердің біреуі қатты соққыдан нокдаунға түсіп қалды
Желіде жекпе-жек кезінде әскери қызметші есінен танып қалған видео тарады. Ұлттық ұлан видео Жетіген кентіндегі жауынгерлік дайындық орталығында түсірілгенін хабарлады.
Ол жерде арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің әскерилері күрең берет үшін сынақ тапсырған. Соңғы жекпе-жекте бір әскери қызметші есінен танып қалған.
Сынақ кезінде алдымен 35 шақырымды жүгіріп өту керек. Сондай-ақ тиісті нормативтер тапсырылады. Ал ең соңында әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрысқа қатысады.
«Желіде тараған видеода соңғы жұп күш сынасқан. Сол кезде кандидаттың біреуі қатты соққыдан нокдаунға түсіп қалды. Ол есін жиды. Біліктілік сынағын тапсыруды жалғастырып, күрең беретін алды. Қазіргі кезде әскери қызметшінің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген ресми ақпаратта.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің басты мақсаты - экстремизм және лаңкестікпен күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету.