Мүфтият ЛГБТ өкілдеріне қатысты үкім шығарды
Бұған дейін діни басқарма қылмыстық істі анықтау үшін қабірді қайта ашуға рұқсат берген
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында ЛГБТ – лесбиян, гей, бисексуал және трансгендерлерге қатысты үкім шықты.
Мүфтият шариғатта еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы харам екенін айтып, оны «азғындықтың ең ауыр түрі, лағнеттелгенібліс шайтанның ісі» деп пәтуа шығарды. Сондай-ақ олардың ақыреттегі жазасы өте ауыр деген үкім айтты.
«Жыныс мүшені ауыстыру ер мен ердің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына жол ашады. Алла тағала адамзатты, тіпті жануарларды да еркегін ұрғашысына және ұрғашысын еркегіне құштарлы етіп жаратқандықтан бір жыныстағылардың өзара жыныстық қатынасқа түсуі адам жаратылысы мен табиғатына қайшы», - делінген басқарма хабарламасында.
ҮКІМ:
- Лесбиян, гей, бисексуал мен трансгендердің іс-әрекеттерінің шариғаттағы үкімі – харам. Бұл адам баласының жаратылысына қайшы келетін арсыздық.
- Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса, оның ашық адасқаны әрі ондай адам Алланың қарғысына ұшырайды. Мұндай адам шынайы тәубе етіп, емделуі қажет.
- Егер тәубе етіп, арсыз әрекетінен бас тартпаса, оның жаназасы оқылмайды және ақыреттегі жазасы өте ауыр болады.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы қабірді қайта ашуға қатысты шариғат үкімін жариялады. Оған қоса, қабірді қандай жағдайда ашуға болатынын түсіндірді.