Президент ықтимал экономикалық қауіп пен өзге де қатерлердің алдын алу жөнінде тапсырмалар берді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиыны өтті. Онда Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайыловтың, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың, премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және басқа да ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады.
Тоқаев әскери-саяси әрі санкциялық текетірестер нәтижесінде ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажеттігін айтты, – дейді Ақорда.
Президент ықтимал экономикалық қауіп пен өзге де қатерлердің алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.