Зардап шеккендерге 560 млн теңгеден астам қаражатқа материалдық көмек берілді
Қыркүйектің басында Қостанай облысы Әулиекөл ауданында үйлері өртке оранған халық 25 қарашаға дейін жаңа баспаналарына кіреді, деп жауап берді Қостанай облыстық әкімдігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына.
Әкімдіктің мәліметінше, Әулиекөл ауданы Аманқарағай және Озерное ауылдарында жалпы саны 91 тұрғын үй, бизнестің 4 нысаны, 229 бас мал мен 161 құс өртеніп кеткен.
«Қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 189 млн теңге материалдық көмек берілді. Демеушілер қаражатынан тағы 372,6 млн теңгеге материалдық көмек, атап айтқанда азық-түлік, киім, аяқ киім және құрылыс материалдары таратылды», делінген әкімдік жауабында.
8 қыркүйекте «Бірлік» шағын ауданының құрылысы басталды. Тұрғын үйлер 25 қазанда пайдалануға беріледі, дейді әкімдік.
Сонымен қатар, өрт салдарын жою үшін орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органдарды мекемелерін, басқа да ұйымдарды тарта отырып өрт болған жерді тазарту, көшет отырғызу жұмыстары жүріп жатыр.
Әкімдіктің хабарлауынша, Қостанай қаласындағы «Оружейная палата» дүкенінің ғимаратында болған өрттің салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілген.