Астанада екі ресейлікті соққыға жықты деген күдіктілер қамауға алынды
Күдіктілер кінәсін мойындаған
Жуырда Астана қаласы Сауран көшесіндегі хостелде Ресей азаматтары соққыға жығылып, тоналғаны хабарланды. Елорда полициясы екі ресейлікті соққыға жықты деген күдікпен Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанның екі тұрғынын ұстады. Олардың бірі бұрын сотталған.
Қазір күдіктілерге қатысты «Қарақшылық» бабы бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай айғақтар тәркіленді, күдіктілер кінәсін мойындаған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері хостел қонақтары арасындағы жанжал ішімдік салдарынан болғанын анықтады. Тұрғындар арасында төбелес шыққан, оның ішінде екі Ресей азаматы да бар. Мигранттарды ұрып-соғып, ұялы телефоны мен ақшасын тартып алған», - деп хабарлады Астана қалалық ПД өкілдері.
Еске салайық, 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланып, Қазақстанға көрші елден келушілер қатары күрт көбейді. Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің саны елден шығып жатқандардан аз екенін айтты. Қазір тәулігіне Ресейден 8-9 мың адам келсе, тиісінше Қазақстаннан 10-11 мың адам шығып жатыр екен.