Юрий Ильин Қостанай облысындағы орман өртінің қасақана қойылғанын растады
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрт бойынша жүріп жатқан тергеу жұмыстарына қатысты түсінік берді. Ол өрт табиғи фактор әсерінен шықты деген нұсқаны жоққа шығарып, өрт қасақана қойылды деген нұсқамен келісетінін атап өтті.
«Өрт табиғи фактор әсерінен болды деген нұсқаны жоққа шығардық. Өйткені өрт болған аумақта найзағай болған жоқ. 3 қыркүйекте өрт болған жерге жедел топ барғанда да негізгі өрт ошағынан 1,5-2 шақырым жерде желге қарсы жанып жатқан өрт ошақтары болғанын тікұшақтан бақылаған. Онда адами фактордың қатысы болғаны сөзсіз», - деді министр.
Министрдің айтуынша, Әулиекөл ауданындағы орман өрті бойынша тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тіпті, тергеу барысында бірқатар шенеуніктен де жауап алынған.