Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 1,4%-ға төмендеген
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда заңсыз майнингпен күрес нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі азайғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде біртұтас энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. 16 қазанда экспортты ескергеннің өзінде энергия өндіру – 86,9 млрд КВт/сағат, ал тұтыну – 86,8 млрд КВт/сағат. Бұл былтырғыдан 1,4 %-ға төмен. Тұтынудың төмендеуі көбіне майнинг бойынша заңсыз қызмет іске асырған тұлғаларды анықтау бағытында жүргізілген жұмыстарға байланысты, - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.
Айта кетейік, осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасы мақұлданған еді. Заң жобасын депутат Екатерина Смышляева таныстырған болатын.
«Бұл құжаттар президенттің цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленген. Олардың басты мақсаты – цифрлық активтерді өндіру мен айналымға шығару саласы үшін заңнамалық негіз құру», - деді Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.
Оның айтуынша, майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналып келеді.
«Бұған дейін майнинг қызметін негізінен бұлтты қызметтерде резиденттер жүзеге асырып келді. Заң жобалары арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензия алуға, яғни заңды тұлғалар құруға және салық салудың толыққанды субъектілері болуға міндеттейміз», - деді Екатерина Смышляева.
Депутат майнерлер мен майнинг-пулдардың қызметін Цифрландыру министрлігі реттеп лицензиялайтыныны, ал криптовалютаны іске асыру кезеңін «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзіреті шеңберінде жүргізілетінін атап өтті. Нәтижесінде Қазақстанның қаржы жүйесі үшін сын-қатерлер алынып тасталады. Себебі, Қазақстанда криптовалюта төлем құралы болып саналмайды, оның айналымына тыйым салынған.
АХҚО шеңберінде құрылып жатқан экожүйеде жаңа қаржы институты – қазақстандық криптобиржалар ашылады.
Сондай-ақ мұндағы басты жаңалықтың бірі – осы уақытқа дейін салық алаңынан тыс болған майнерлерге салық салу. Криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі ҚҚС, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық майнинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, майнинг-пулдағы корпоративтік табыс салығы, криптовалюталардағы айырбастау ақысы.
Заң жобасы салық және әкімшілік кодекстерді, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды да қозғайды.
Мәжілістегі талқылау нәтижесінде «Қазақстанның цифрлық активтері туралы» заң жобасын депуттардың басым бөлігі қолдап дауып берді. Бұл заңмен және қалған 4 ілеспе заң жобасы мақұлданды.