Halyq Uni логотип
×

Алматыда өткен Дулат Исабековтің мерейтойына халықаралық театр майталмандары келді

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков 80 жасқа толды

 Халық үні 17.10.2022 | 20:31
Алматыда өткен Дулат Исабековтің мерейтойына халықаралық театр майталмандары келді
Фото: Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековті мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni

«Алматыда 13-17 қазан аралығында жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Исабеков әлемі» деген театр фестивалі өтіп жатқанынан құлағдар боларсыздар. Шетелдік театрлар осы мерейтойға пьесаларын тарту етіп алып келді. Ағамызды құттықтау үшін бүгін Алматыға арнайы келдім», - деп жазды Исламбек Салжанов.

Салтанатқа театртанушы, PhD, Шота Руставели атындағы мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, Қазіргі Грузия театрын зерттеу орталығының директоры, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі Лаша Чхартишвили мен Иванэ Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры режиссері Гоча Капанадзе келген. Гоча Капанадзе драматургтың «Актриса» қойылымы үшін «Үздік режиссер» атағымен марапатталды.

«Дулат Исабековті қазақ жұрты ұлттық әдебиетке зор үлес қосқан қаламгер және қоғам қайраткері деп біледі. Жарты ғасырлық шығармашылық еңбегі арасында ерте танылып, оқырман ықыласына ие болды. Алғашқы кітабы студент болып жүрген кезде шыққан жазушы ағамыздың қаламы қолынан түскен жоқ. «Гауһартас» фильмі – миллиондаған көрерменнің, оның ішінде, мен үшін де сүйікті киноға айналды. «Транзиттік жолаушы», «Әпке» спектакльдері Лондон сияқты әлемдік астаналардың сахнасында қойылды. Ағамыздың қазақ әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі зор», - деді «Altyn Qyran Foundation» қайырымдылық қорының президенті.

Исламбек Салжанов Дулат Исабековті мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ және бақытты өмір тіледі.

ДУЛАТ ИСАБЕКОВТІҢ ӨМІРБАЯНЫ

Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданында туған. 

Дулат Исабеков 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Жалын»баспасында редакция меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары «Жазушы»баспасының директоры болған. Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966 жылы), «Ащы бал» (1969 жылы), «Мазасыз күндер», (1970 жылы), «Қара шаңырақ» (1973 жылы), «Тіршілік» (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.

Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978 жылы), «Отчий дом» (1979 жылы), «Смятение» (1986 жылы), «Новоселье в старом доме» (1986 жылы) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975 жылы), «Әпке» (1977 жылы), «Ертеңді күту» (1979 жылы), «Мұрагерлер» (1982 жылы), «Алыстан келген ананас» (1984 жылы), «Кішкентай ауыл» (1986 жылы), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «Мұңлық-Зарлық», «Амал мен айла» секілді пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.

2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған «Бөрте» қойылымы сахналанып келеді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (1975 жылы), «Дермене» (1986 жылы), «Тауқымет» көркем фильмдері түсірілді.

Дулат Исабеков «Мұрагерлер» пьесасы үшін 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығын алды, 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Одан бөлек қаламгерге марапатты халық беріп келеді. Оның шығармалары жастардың қолынан түспейді, ал пьесалары тек Қазақстанда ғана емес, әлем театрлары сахналарында қойылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама