Сот Әлтаевты кандидат ретінде ұсыну туралы хаттаманы жарамсыз деп таныды

Халық үні

«Мұқалмас» бірлестігі Нұржан Әлтаевтың сайлауға түсуіне қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген

Нұржан Әлтаев, фото: tengrinews.kz

Астана қаласы «Байқоңыр» аудандық соты Нұржан Әлтаевты «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттаманы жарамсыз деп таныды.

Сот «Мұқалмас» РҚБ жалпы жиналысында қатысушылардың көпшілігі Нұржан Әлтаевты ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынуға қарсы дауыс бергенін анықтады, - деді судья Лаура Сүйіндікова.

Анықталғандай, қоғамдық бірлестіктің жалпы жиналысында Әлтаевтың кандидатурасын ұсынуға 6 адам қолдап дауыс берсе, 11 адам қарсы болған.

Еске салайық, 2022 жылғы 11 қазанда Орталық сайлау комиссиясына Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы сотының «Мұқалмас» РҚБ жалпы жиналысының ҚР президенттігіне кандидат ұсыну туралы 2022 жылғы 6 қазандағы № 19 хаттамасының қолданылуын тоқтата тұру туралы ұйғарымын дереу орындау талабы келіп түскен. «Мұқалмас» бірлестігі Нұржан Әлтаевтың сайлауға түсуіне қарсылық білдіріп, сотқа жүгінді.