Жолға шығып кететін малдар жарық шағылыстырғыштармен таңбаланатын болды
Бұл шаралар жыл сайын республикалық тас жолдарды күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады
Республикалық автожолдарға жақын тұратын елді мекендерде үй жануарларына жарық шағылыстырғыш ленталар тағылады. Сондай-ақ олар жарық шағылыстырғыш аэрозольмен таңбаланбақ.
Бүгінде республикалық маңызы бар автожолдарда 300-ден аса авариялық-қауіпті учаске бар екен. Апаттың басым көпшілігі үй жануарларының жолға шығып кетуінен болады. Осыған байланысты республикалық тас жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде үй жануарларына жарық шағылыстырғыш ленталар тағылады және жарық шағылыстырғыш аэрозольмен таңбаланады.
Сондай-ақ жол бойында шу жолақтарының санын ұлғайту жоспарланған. Қосымша стробоскоптар мен торлы қоршаулар орнатылады. Бұл шаралар жыл сайын республикалық тас жолдарды күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Еске сала кетсек, республикалық маңызы бар автожолдарда 320 мал өткелі орналасқан. Үй жануарларының жолға шығып кетуі салдарынан болатын апаттардың алдын алу үшін «электр-бағбан» құрылғысы да орнатылған. Ол құрылғының жалпы ұзындығы – 250 шақырым.
Бұл ретте республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін 1403 қысқа нөміріне хабарласуға болады. Биылғы 9 айда оған 150 мыңға жуық хабарлама түскен.