Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық оқушылар робототехника бойынша әлемдік жарыста рекорд орнатты

Жас отандастарымыз 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады

 Динара Амантай 17.10.2022 | 15:15
Қазақстандық оқушылар робототехника бойынша әлемдік жарыста рекорд орнатты
Фото: @aimagambetov

Қазақстандық оқушылар Женевада робототехникадан өткен FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында жазды.

Ведомство басшысы балалармен телефон арқылы байланысып, оларды жеңіспен құттықтаған. Оның айтуынша, оқушылар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинаған.

Айта кететін жайт, бұл робототехника чемпионаты - әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді.

Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Олардың барлығы – FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды. Оқушыларымызды жеткен жетістіктерімен құттықтаймын! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруге тілектеспін! –  деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Сонымен бірге ол қолдау көрсеткен мұғалімдерге, жетекшілерге және дарынды балалардың ата-аналарына алғыс айтып, Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра беретінін жеткізді.

Соңғы 3 жылда елімізде 41 IT-мектеп ашылды. Қазір онда 55 мың бала оқып жатыр. Сондай-ақ білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталған. Президент білім беру саласындағы цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. ІТ-мектептердің ерекшелігі - ІТ-технологиялар саласында мамандану, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Сондай-ақ жыл сайын IT-мектептер саны көбейе береді. Айтпақшы, биылдың шілде айында ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанды. Ол жарыста оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетіп, жарыстың абсолютті рекордын орнатқан болатын. Сонымен бірге балаларымыз қазылар алқасының үш номинациясына бірден ие болған еді. FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен мұғалімдерге қатысуға ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді, – деп түйіндеді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама