Ресей Киевке енді дронмен соққы беруге кірісті

Еркеғали Болатұлы

Қала мэрі Виталий Кличко ел астанасының орталығындағы Шевченко ауданында екі жарылыс болғанын мәлімдеді

фото: ашық дереккөз

Бүгін Киев тағы да әуе шабуылына ұшырады. Ресейліктер бұл жолы Украина астанасына қарсы дрон қолданған.

Жергілікті VGorode басылымы куәгерлердің бірнеше рет атылған оқтың дауысын естігенін жазады.

Киев мэрі Виталий Кличко ел астанасының орталығындағы Шевченко ауданында екі жарылыс болғанын мәлімдеді. Қазір оқиға орнында барлық төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр.

Дронның шабуылы салдарынан Киевтің Шевченко ауданында тұрғын емес ғимаратта өрт шықты. Өрт сөндіру бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Бірнеше үй зардап шекті. Дәрігерлер орнында. Зардап шеккендер туралы ақпаратты нақтылап жатырмыз, – деді Виталий Кличко.

Киевке ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасалғанын президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та растады. Сондықтан қала билігі тұрғындардан өз үйлерінен шықпауды сұрап отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қырым көпіріндегі жарылыстан кейін Ресей Киевке шабуылдай бастаған еді. Одан бөлек, Львовқа мен Тернопольге, Житомир облысын атқылаған.