Белгород облысында тәжіктер Ресей әскерилеріне оқ жаудырды
11 адам қаза тауып, 15 жауынгер ауыр жарақат алды
Ресейдің Белгород облысындағы Батыс әскери округында қайғылы оқиға болды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, осы жердегі сынақ алаңында екі адам әскери бөлімге кіріп, соғысқа мобилизациямен шақырылған қаруластарына оқ жаудырған. Соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 15 жауынгер ауыр жарақат алған. Сол жерде қару кезенген адамдардың өздері де қаза тапқан.
Telegram-дағы «Соты» арнасы басқа мәлімет келтіреді. Оның дерегіне қарағанда, Солоти поселкесінде әскери бөлімге үш сарбаз оқ жаудырған. Олар өз еркімен соғысқа аттанып бара жатқан Брянск облысының тұрғындарын жайрап салған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 22 адам қаза тауып, 16 адам жараланған. Атқан үш адамның екеуі жауап оқтан қаза тапса, біреуі қашып кеткен. Үш адамның қолында автомат, біреуінде РПД пулеметі болған. Әскери бөлімге шабуылдаған адамдардың бәрі Тәжікстанның азаматтары болған деседі.