Алматыда 5 мыңға жуық тұрғын сусыз отыр
Тіршілік көзінен әбден тарыққан тұрғындар жауапты органдардың бәріне хат жазған, шағымданған
Алматыда бес мыңға жуық адам бір аптадан бері сусыз отыр, деп хабарлайды Qazaqstan.tv.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұған себеп, жүргізілген құрылыстың сапасыздығынан, дейді. Себебі, құбыр қайта-қайта жарылып, тіршілік нәрінен қағылып келеді. Бұған жауаптылар не дейді?
«Нұрлы дала» кешенінің тұрғыны Жұмаш Тәжібаеваның айтуынша, екі жылдан бері суық судың жыры бітпей келеді. Арнайы көлікпен әкелінетін тіршілік көзі ішуге жарамсыз. Күнделікті ас суға сатып алуға қалтам көтермейді, дейді.
Судың зарын тартып келе жатырмыз. Аяғым жөнді істемейді. Суды амал жоқ тасимыз. Ішетін су қымбат. 400-500 теңге құтысы. Шайға ма, тамаққа ма, қайсысына жеткіземіз, дейді қала тұрғыны Жұмаш Тәжібаева.
Бұл мәселені қала әкімі Ерболат Досаев жақсы біледі, дейді мұңын айтуға жиналған жұрт. Тіршілік көзінен әбден тарыққан тұрғындар жауапты органдардың бәріне хат жазған, шағымданған. Алайда еш өзгеріс жоқ.
Мына құбырды ауыстырмай, не болмаса әкімнің өзі бізге уәде берген. Уақытша төтенше жағдайға арналған 300-дік құбырды тартып береміз деп. Соны ертерек қолға алып халықты шуылдатпай, сусыз қалдырмай отырсақ, дейді қала тұрғыны Бақтияр Алдаберген.
Тұрғындардың сөзінше, бар мәселе сапасыз салынған құбырларда, дейді. Әйнек пен пластмасса аралас құбыр қысымға шыдамай, бір жылда 20 рет жарылған.
Құбырдың сапасыз екенін әкімдік өкілдері де мойындап отыр. Жалпы ұзындығы - 5 шақырым. Су желілері қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен жылы тартылған.
ТОО «Алматы Инжест Строй» деген мердігер компанияның күшімен 2019 жылы салынған. Бүгінгі күні аталған су желілері «Алматы Су» коммуналдық мекемесіне теңгеріміне өткізілмеген. Трубаны ауыстыру бойынша бүгінгі күні жоба жасадық. 1,2 км темір труба салу бойынша. Ол жұмыстарды мердігер бір аптаның ішінде бастайды, дейді Наурызбай аудандық Коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фархат Жаңбыров.
Десе де, әкімдік өкілі бұрынғы құбыр арқылы су екі күн ішінде қосылатынын айтты. Жөндеу жұмыстарына да бүгіннен кешікпей кірісеміз деп уәде етті.