Болған оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда
Павлодарда кісі өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«15 қазанда сағат 11.42-де Павлодар қаласының Лермонтов көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында, подъездің жанында 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Ол оқтан жарақаттанған. 1955 жылы туған күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Бірден «Ұстау» жоспары енгізіліп, полиция қызметкерлеріне күдікті туралы мәліметтер жіберілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктіні Павлодар – Омбы автожолында ұстады. Ол өзінің істеген әрекетін түсіндіріп берді.
«Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – деді Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөлімінің бастығы Бекзада Бөлежанов.
Болған оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.