Қазір ұсталған жүк БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді
«Жайық» теміржол өткізу пунктінде еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығармақ болғандар ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылдың 8-11 қазан аралығында ҰҚК Шекара қызметі Батыс Қазақстан облысының «Жайық» темір жол өткізу пунктінде еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алды. Жағар май тиелген 20 теміржол цистернасы битумдық лактарды еріткіш «Уайт-спирит» ретінде көрсетіліп, жүкке арналған темір жол құрамдарымен тасымалданған, – делінген ақпаратта.
Қазір ұсталған жүк процессуалдық шешім шығару үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді.
Айта кетейік, Қазақстанда бензин, дизел отыны мен мұнай өнімдерінің жеке түрлерінің шығарылуына уақытша шектеу қойылған.