Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтарға енді ЭЦҚ қажет болмайды

Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде QR арқылы қол қою механизмі әзірленді

 Динара Амантай 15.10.2022 | 11:02
Қазақстандықтарға енді ЭЦҚ қажет болмайды
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу кезінде электрондық құжаттарға қол қою технологиясы ретінде Электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, кеше, 14 қазан күні Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өткен. Күн тәртібінде электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттар алу, емханаға тіркелу және бизнеске арналған қызметтерді жетілдіру мәселелері қарастырылған.

Менің ойымша, біз бірінші кезекте халыққа электрондық қызметтерді пайдалану ыңғайлы екеніне көз жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта QR арқылы қол қою механизмі әзірленді, ол ыңғайлы және қауіпсіз. Оны барлық порталдарға енгізу ғана қалды. Бұл жұмысты жандандыру және NCALayer жүйесінен толық бас тарту бойынша тапсырма бердім, – деп жазды министр.

Министр кейбір жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама алып, ХҚКО-ға келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жататынына назар аударды. Бұған қоса ол ведомство бұл қызметті жетілдіріп жатқанын, жақын уақытта адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде, уақытында алатынын атап өтті.

Сонымен бірге ведомство басшысы отырыс барысында талқыланған жоспар аясындағы тағы да бірқатар өзгерістерге тоқталды.

Сондай-ақ, жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарлануда. Мұндай бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Яғни, өтініштер қағаз түрінде қаралмайды, жүйенің өзі бәрін тексереді және тіркейді, ал көшкен кезде адамға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады.

Сонымен қатар, бүгін Әділет министрлігінің бастамасымен деректерді өзгерту процестерін жеңілдету, мысалы, тіркеу мекенжайын өзгертуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл қызмет банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Тек техникалық тұрғыда іске асыру ғана қалды, сондықтан мен бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер үшін төлем енгізу жағдайы талқыланды. Шетелдіктердің қызмет алуы кезінде ақы төлеу жүйесін енгізуге баса назар аударылды. Мен мүдделі мемлекеттік органдардағы (Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі) мен Үкіметтегі әріптестеріме азаматтарға келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу механизмін әзірлеуді тапсырдым, – деп жазды Бағдат Мусин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама