Қазір өңірлерге қажетті 9 млн тонна көмірдің 4 млн тоннасы жеткізілген
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында еліміз бойынша көмірдің бағасы айтарлықтай өсті деген ақпарат тарады. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Қайырбек Өскенбаев көмір разрездерінің өкілдерін жинап, ақпараттың анық-қанығын анықтады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында разрездердегі көмірдің құны өткен жылғы деңгейде сақталғаны анықталды. Мәселен, Қазақстандағы ең ірі көмір өндірушілердің бірі «Шұбаркөл Көмір» АҚ бір тонна көмірді 5 500 теңгеден сатса, «Майкубен-Вест» ЖШС көмірді 6 105 теңгеден, ал «Қаражыра» АҚ тоннасына 8 300 теңгеден саудалайды. Бұдан басқа, географиялық орналасуы, тасымалдау әдісі және көмір маркасына байланысты құны тоннасына 8 мыңнан (разрезге жақын орналасқан елді-мекендерде) 21 600 теңгеге дейін ауытқиды.
Индустриялық даму комитетінің төрағасы И.Оспановтың айтуынша, қазір өңірлерге қажетті 9 млн тонна көмірдің 4 млн тоннасы жеткізілген. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 44,3% құрайды. Бұған қоса ол қамтамасыз ету көрсеткіштері мен қажеттілік көлемінің төмендеуі жергілікті атқарушы органдардың жылыту маусымына халықтың жылдық жоспарлы қажеттілік көлеміне енгізген түзетулеріне байланысты екенін атап өтті.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жалпы халықты қатты отынмен қамтамасыз ету үшін министрлік тарапынан бірқатар нақты шара қабылданған. Атап айтқанда, алдағы жылыту маусымы кезеңінде отын тапшылығын болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жылыту маусымы кезеңінде автомобиль көлігімен көмірді елден тыс жерге шығаруды 6 айға шектеу туралы бұйрық қабылдады. Шешім көмір разрездерінің өкілдері және өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып әзірленген.