Максим Яковченконың Оралдағы үйін сатып, шекарадан 21 қыркүйекте шығып кеткені анықталды
Сепаратизм бойынша айыпталған Орал тұрғыны Максим Яковченкоға қатысты сот отырысы қалалық мамандандырылған тергеу сотында өтті. Бұған дейінгі сот отырысына келмеген соң күдіктіні сотқа мәжбүрлеп жеткізу туралы шешім шыққан. 14 қазанда өткен сот отырысында күдіктінің елден кетіп қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекеттік айыптаушының хабарлауынша, Максим Яковченконың тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында оның үйін сатып жібергені анықталған.
Оның көршілері учаскелік полицияға Яковченконы кейінгі кезде көрмегенін айтқан.
Мемлекеттік айыптаушының сұранысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Максим Яковченконың 21 қыркүйек сағат 13:57-де мемлекеттік шекарадан «Сырым» пункті арқылы Ресейдің Самара облысына өткені туралы ақпарат берген.
Мемлекеттік айыптаушы Яковченконың ешқайда кетпеу жайлы қолхат бергенін, мемлекеттік органдардың рапорттарын ескеріп, соттан Максим Яковченкоға іздеу жариялауды сұрады.
Судья Найля Жүнісова мемлекеттік айыптаушының сұранысын қанағаттандырды. Сот қылмыстық істі уақытша тоқтатып, Максим Яковченкоға іздеу жариялау, қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол ұсталған кезде қылмыстық іс жалғасып, заңсыз әрекеттеріне жауап береді.
Айта кетейік, Максим Яковченкоға қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған: 174-бабы «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және 180-бабы «сепаратистік әрекет».
Максим Яковченконың әлеуметтік желіде «Орал, Петропавл, Павлодар және тағы басқаларын Ресейге беру керек. Себебі бұл жерде бәрін тек жояды. Жатжерлік билікте отыр. Жатжерліктер бәрін ластайды. Маймылдар жан-жағын жайпап, көшіп жүргенге үйренген» деп жазған еді.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы