АҚШ, Германия, Франция басшылары Украинаның тұтастығын сақтауға келісті
Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысында орналасқан Луганск және Донецк облыстарын республика ретінде тәуелсіздігін мойындайтыны туралы жарлыққа қол қойды.
Одан бөлек, РФ басшысы аталған екі республика басшыларымен достық, әріптестік және өзара көмек туралы келісімге де қол қойып, ресми рәсімнен соң әңгімелесті.
Мұның алдында Ресей қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткен еді. Артынша Путин Франция президенті және Германия федералды канцлерімен телефон арқылы сөйлесіп, осы құжатқа қол қоюға ниетті екенін білдірген. Одан соң Владимир Путин Ресей халқына жасаған жолдауында Украинадан Донбастағы соғыс қимылдарын дереу тоқтатуды, әйтпесе арты қантөгіске ұласып, бар айып өздеріне артыларын ескертті. Сондай-ақ, Батыстан конструктивті жауап болмаған жағдайда, Мәскеу жауап ретінде шара қолдануға толық құқылы екенін жеткізді.
Путиннің қол қойған жарлығына халықаралық қауымдастықтар дереу үн қатты.
Ақ үй бас хатшысы жариялаған мәлімдемеде Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіру деп санайтындығы айтылған. Сондықтан соғыс қимылдарын тез тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырған.
Ресейдің бұл қадамын Түркия да айыптады. Олар мұны Украинаның саяси бірлігі мен территориялық тұтастығын бұзу деп бағалайды. Сондықтан Ресейдің шешімі қолайсыз деп, оны қолдамайтынын білдірген.
Путин жарлыққа қол қойғаннан кейін АҚШ, Германия, Франция басшылары бұл шешімді Минск келісімінің бұзылуы деп қарайтынын жеткізді. Үш тарап әңгіме барысында Украина аумағының тұтастығын сақтауға келісті.
Сондай-ақ, Еуроодақтың сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясаты бойынша өкілі Жозеп Боррель де Ресейге өз-өзін жариялаған республикаларды мойындағаны үшін түпкілікті әрі қатаң жауап қайыратындарын мәлімдеді.