Жаңа ұйымға басқа елдер де мүше бола алады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін дамыту үшін халықаралық ұйым құру ұсынысына қатысты пікір білдірді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 7 қазанда мемлекет басшысы Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған еді. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлаған.
Бүгін Астанада өтіп жатқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамасы арқылы ұйымның байланысын нығайтқысы келетінін жеткізді.
Халқымыз бір-біріне одан әрі жақын болуы үшін Қазақстан ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы ұсынысын енгізді. Қазір әлемде орыс тілін белгілі бір дәрежеде барлық құрлықта тұратын 300 млн адам білетінін атап өткен жөн. Біздің идеямыз – штаб-пәтері Парижде орналасқан Франкофонияның оң тәжірибесін пайдаланып, БҰҰ-ға ұқсас халықаралық ұйым құру. Уақыт өте орыс тілін жақсы білетін адамдар тұратын мемлекеттер де ұйымға қосылады деп ойлаймын. Мұндай елдер өте көп: Азия, Еуропа, Латын Америкасы. Мен бұл бастаманы қолдаған және ұйымның жұмыс принциптерін бекіткені үшін әріптестеріме алғыс айтамын, - деді президент.