Halyq Uni логотип
×

Петропавлда аялдаманы қиратқан ер адам бес тәулікке қамалды

21 жастағы ер адамға үш ай бойы ішімдік ішуге тыйым салынды

 Самат Жақып 14.10.2022 | 16:42
Петропавлда аялдаманы қиратқан ер адам бес тәулікке қамалды
Halyq Uni

Петропавлда аялдаманы қиратқан ер адам қамауға алынды. Ішімдік ішкен жігіт бұған дейін бірнеше рет заңбұзушылық әрекет жасаған. Бұл жолы кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ер адамның Жуков көшесінде тұрған аялдама павильонын қиратып жатқанын сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Олар бірден полиция шақырған. Учаскелік полицей 21 жастағы тұрғынды ұстады. Медициналық сараптама қорытындысы оның ішімдік ішкенін көрсетті.

«Қалай болғанын өзім де білмеймін. Мас болған соң есімде ештеңе қалмады. Дегенмен қатемді мойындаймын», - деді Петропавл қаласының тұрғыны.

Күдіктінің бұған дейін де мұндай заңбұзушылық жасағаны анықталды. Қазір осы әрекеті үшін ол бес тәулікке қамауға алынды.

«Бұзақы осыған дейін бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген. Түсініктеме алу барысында ер адам мас болып, бұл әрекетке не себепті барғанын түсіндіре алмады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды», - дейді Петропавл қаласы полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы Жанбота Қайыркенов.

Келтірілген шығынды өтеу туралы талап-арыз беру үшін сот қаулысы Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жіберілді.

Сондай-ақ сот ер адамның жүріс-тұрысына қатысты ерекше талап қойды. Оған алдағы 3 ай бойы алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Бұл талаптың орындалуын судья учаскелік инспекторға жүктеді. Осы аралықта ер адам соттың талабын орындамаса, жазасы күшейтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама