Қылмыс 189 көшенің бойында болған
Елордада ер адам қарызын қайтармаған көршісінің көлігіне ұрлыққа түсті деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Сарыарқа ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны хабарласып, көлігінен құрал-сайман ұрланғанын айтып шағымданған. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 28 жастағы астаналықты ұстады.
Тергеу барысында күдікті түнде 189 көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласында есігі ашық қалған көршісінің Volkswagen Passat көлігіне ұрлыққа түскен. Оның құны 90 мың теңге тұратын құрал-сайманды алып кеткені анықталды. Ер адам көршісі қарызға ақша алып, оны қайтармағандықтан осындай әрекетке барған, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің «Өз бетінше билік ету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған күдікті өз кінәсін толық мойындады. Полиция қызметкерлері оның басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.