Орыс билігі Херсон облысының тұрғындарын Ресейге көшіре бастады
Украина армиясы ресейліктерді 20 шақырымға шегіндіріп, Херсонның өзіне жақындап қалған
Мәскеу Украинаның «аннексияланған» Херсон облысының тұрғындарын Ресейге көшіруге кірісті. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, аймақтан кеткісі келгендер кеше Ростов облысына жеткізілген.
Айта кетсек, Украина армиясы тамызда бұл облыста қарымта шабуылға кірісіп, 1200 шаршы шақырымға жуық аумақты Ресей әскерінен азат еткен болатын. Соның ішінде 5 ауылға осы аптада мемлекеттік ту қайта тігілген.
Ал британ барлаушыларының соңғы мәліметінше, Украина армиясы ресейліктерді 20 шақырымға шегіндіріп, Херсонның өзіне жақындап қалыпты. Сондай-ақ украин жауынгерлері Днепр өзенінің батыс жағалауын келесі аптада қайтаруы мүмкін. Херсон да осы жағалауда орналасқан.