×

Түркістанда әкім қаулысына қарсы шыққан тұрғындар әкімдік алдына жиналды (ВИДЕО)

Әкімдік алдымен 3-6 жастағы балаларға көңіл бөлінетінін айтты

Коллаж: Халық үні

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының 2 жасар бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдамау туралы қаулысына ата-аналар мен мекеме қызметкерлері қарсы шықты. Олар әкімдік ғимараты алдына жиналып, қаулыны өзгертуді сұрады.

Қаулыға сәйкес, өңірдегі жекеменшік балабақшаларда 1-2 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін қаржы бөлу тоқтатылған.

Сарыағаш ауданы тұрғыны Гүлназ Қуандықованың айтуынша, баласын жекеменшік балабақшадан мемлекеттікке өткізейін десе, орын жоқ.

«Бізге балабақша ауадай қажет. Себебі балаға бес күн бойы қарап отырған да балабақша. Енді одан қағылып отырмыз. Үйде балаға қарап отырсам, жұмыстағы табысымнан қағыламын. Одан бөлек атаулы әлеуметтік көмек те бөленбесе, қалай тіршілік етемін?», - дейді Гүлназ Қуандықова.

Ата-аналардың айтуынша, олардың бұл мәселесіне қатысты шенеуніктер «кіші топтың ақысын көтеруге» кеңес берген. Соған байланысты ата-аналар мен жұмыссыз қалғанын айтқан ондаған балабақша қызметкері облыс әкімінен қаулыны өзгертуді талап етті.

Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, бұл қаулыдан кейін бірқатары жұмыссыз қалған.

«Ең кіші топта болғаннан кейін бізді бастығымыз қысқартуға жіберді. Қазір жалақыдан айырылып отырмыз. Баламыз үйде отыр. Күйеуім жұмыссыз. Қарап отырған мүгедек баламыз бар. Бұл қайдан шыққан заң? Адамның миына сыймайды. Ешкіммен санасып отырған жоқ. Түркістан облысы ел бойынша көпбалалы отбасы көп өңір емес пе?», - дейді тәрбиеші Айдана Құралбаева.

Айта кетейік, Түркістан облысында балабақшаға 153 мың бала барады. Қаулы күшіне енген соң Сарыағашта 14 мың бала балабақшадан қағылған. Ал шенеуніктер кіші топтарды жаппай, балабақша бағасын көтеруге кеңес берген. Демек, әр бала үшін 5 мың теңгеден емес, кемінде 25-30 мың теңге төлеп отыруды ұсынған.

«Коммерциялық топ ашуды ұсынды. Айналайындар-ау, облыста коммерциялық топты тұрғындардың қалтасы көтермейді ғой. Ақша төлей алмайды. Тамақ үшін 5-6 мың теңге төлейді. Президент 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз етуге тапсырма берген. Неге соны ескермей, 3-6 жас аралығындағы балаларды ғана есепке алған?», - дейді балабақша меңгерушісі Назым Жұмағұлова.

Әкімдік ғимараты алдына жиналғандарға әкімнің орынбасары мен білім басқармасы мамандары шықты.

Олардың айтуынша, алдымен 3 жастан асқан балаларды балабақшамен толық қамтамасыз етеді, содан кейін ғана кіші топтарға көңіл бөлінеді.

«2 жастан бастап қаржыландыруымыз үшін бастапқы кезде Ұлттық жоспарды орындауымыз қажет. 3 пен 6 жастағы балаларды толық қаржыландырып, 100 пайызға жеткізіп алуымыз керек. Осы көрсеткіш 100 пайызға жеткеннен кейін, 2 жастан бастап қаржыландыруға қатысты мәселе туындамайды. Яғни, содан кейін дереу бастаймыз», - дейді  Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ахметов.

Алайда әкімдік жұмыстан шығып қалған қызметкерлер мен ұл-қызын қарауға байланысты жұмысынан шығуға мәжбүр ата-аналарға қатысты пікір білдірмеді.

Десе де, тиісті ведомстволарға хат жолдап, кіші топтарды қаржыландыру бойынша даулы қаулыға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізетіндерін жеткізді. Ал оның жауабын бір айдан кейін айтады.

Сондай-ақ басқарма қаулы мәтінін кейінірек жолдауға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама