Атырауда жоғары сынып оқушыларының балаларды бопсалайтыны рас па?

Еркеғали Болатұлы

112 жасөспірім полиция тіркеуінде тұр

фото: ашық дереккөз

Атыраудағы №25 мектепте болған оқушылар арасындағы әлімжеттіктің шуы әлі басылған жоқ. Облыс әкімдігі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшелері мен ата-аналарды жинады.

4-сынып оқушылары ата-аналарының «9-сынып оқушылары балаларымызды бопсалайды» деген мәлімдемесінен кейін мектепте күнде жиын деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Оқушылар мен ұстаздардан маза қашып, әліптің артын бағып жүрген көрінеді. Ал облыстың бас ұстазы әлімжеттік жоқ, ол – балалардың ойдан шығарғаны деп отыр.

Маман мен зардап шекті деп танылған 4-сынып оқушылары арасында еркін форматта өткізілген диалог кезінде бұл оқиғаның ойдан шығарылғандығы, күдікті адамның бейнесі барлығы жалған екендігі мойындалған және бұл емен-жарқын диалог диктофонға жазылған, - дейді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова.

Ал полиция істі әлі тергеп жатқандарын айтты.

Бұл факті бойынша іс ҚК-нің «Бопсалау» бабы бойынша қоғалды. Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мектептің барлық балаларынан сұрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

Жоғары сынып оқушылары ақша сұрап, ұрды деген үш ата-ананың бірі арызын қайтып алған. Ол ұлының психологпен сөйлескеннен кейін оқиғаны ойдан құрастырғанын мойындағанын алға тартып отыр.

Өзі балалар мені ұрған жоқ деген соң, келесі күні арызымды кері алдым. Өтірікті қасындағы балалармен ақылдасып айтты ма, білмейміз. Ал қасындағы екі бала сөзінен қайтқан жоқ. Олар «ақшаны жинаймыз, береміз» деп отыр, - дейді ата-аналардың бірі Данияр Қағазов.

Дегенмен соңғы бір аптада өңірде жасөспірімдерге қатысты 3 оқиғаның қатар-қатар тіркелуі жергілікті атқамінерлердің тынышын алған. Айта кетсек, бүгінде облыста жасөспірімдер арасында 33 қылмыс, 3 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. 112 жасөспірім полиция тіркеуінде тұр.