×

СҚО-да шетелдік мамандардың қатысуымен жүрекке күрделі ота жасалды

Бұған дейін науқастар ота жасату үшін Астана және Алматыға барған

 Самат Жақып 14.10.2022 | 09:04
Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру бойынша үш адамға операция жасалды. Оның инновациялық тәсілін жергілікті дәрігерлерге Швейцария және Германияда жұмыс істейтін профессорлар көрсетті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі

Бұған дейін егде жастағы науқастар транскатетерлі қолқа қақпақшасына операция жасау үшін Астана және Алматы қалаларына баратын. Енді мұндай ота Петропавлда да жасалады.

Шетелдік мамандар дәрігерлерге шеберлік сабағын өтіп, ота барысын бақылап отырды.

«Операция жабық түрде жасалады. Яғни, науқастың кеуде тұсы ашылмайды. Әрі оларға наркоз салынбайды. Тағы бір ерекшелігі – отадан кейін адам тез қалпына келеді. Бәрі дұрыс болса, 2-3 күнде үйіне жіберуге болады. Ақпанда Петропавлда осындай үш операция жасадық. Кейін Орал мен елордаға бардық. Бұл – күрделі операция. Сондықтан жергілікті дәрігерлер оны өзі жасай алмайды. Оған үлкен тәжірбие керек. Дей тұрғанмен жергілікті жердегі мамандардың шеберлігі жаман емес. Сәтін салса, олар келер жылы біздің қашықтықтан бақылауымыз арқылы осындай операция жасайды», - дейді Еуропа кардиологтар қоғамының мүшесі,  профессор Кейт ДЖ Олдройд.

Жүрек патологиясы жасы жетпістен асқан егде азаматтарда жиі байқалады. Салдарынан науқастың басы айналып, есінен танады. Әрі тез шаршап, ентігіп қалады. Сол себепті дер кезінде ота жасау қажет.

Жергілікті кардиологтар тың технологияларды меңгеріп жатыр. Себебі аймақта науқастардың саны жыл сайын артып келеді.

«Біздің кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық оталар бірнеше жылдан бері жасалады. Алдымен коронарография, жүрек тамырларын стенттеу, аортокоронарлы шунттауды үйрендік. Ал қазір жүрекке жүрекширатқыш қоямыз, радиожиілікті абляция жасаймыз. Биыл Швейцария, Германия профессорларымен сөйлесіп, келісімшартқа отырдық. Сол арқылы қолқа стенозы кезінде қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау әдісін үйреніп жатырмыз. Бұл еліміздің бірнеше қаласында жасалады», - дейді облыстық көпсалалы ауруханасы кардиологиялық орталық директоры Азамат Мағзұмов.

Айта кетейік, қарттардың жүрегіне операцияны ашық түрде жасауға болмайды. Себебі денсаулығы сыр беруі мүмкін. Сондықтан ол жамбас артериясы арқылы өткізіліп, науқасқа жасанды клапан орнаталады. Қазір елімізде мұндай отаның құны 5-6 миллион теңгеден асады. Ал науқастарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін жасалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама