14 жастағы жеткіншекті өлімге не итермелегені әзірге белгісіз
Таразда мектеп оқушысы өзіне қол салды. Оның дарға асылған денесі үйінің маңындағы гараждан табылған.
КТК арнасының хабарлауынша, қайғылы жағдай түнгі сағат 12 шамасында болған. 9-сынып оқушысының асылып тұрғанын алдымен анасы көріп, тәртіп сақшыларын шақыртқан.
Баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Полицейлер марқұмның мәйітін тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ дейді.
14 жастағы жеткіншекті өлімге не итермелегені әзірге белгісіз. Қазір бұл іспен құзырлы орындар айналысып жатыр.
Әзімхан Жанерке, Тараз қаласы ПБ ресми өкілі: - Мәйiт Жамбыл облысы мәйітханасына жеткізілді. Қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 105-бабы, 3-бөлігімен (өзін-өзі өлтiру) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.