Семейде 3 мектеп, Талдықорғанда 5 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері қыркүйекте жалақы алмаған
Әлеуметтік желіде Семей мен Талдықорғандағы бірнеше мектептің мұғалімдері бірнеше айдан бері жалақысын алмағаны туралы ақпарат тарады.
«Семейдегі № 6, №16 және №40 мектепте және Талдықорғандағы № 11 және №23 мектептің мұғалімдерінің жалақы алмағанына үш ай болды. Жалақысы Абай және Жетісу облысының бөлінгеніне байланысты кешіктіріліп жатыр», - делінген желіде тараған ақпаратта.
Абай облысы білім басқармасының хабарлауынша, бұл мәселе жауапты тиісті органдарға тапсырылған.
«Екі облыстың бөлінуіне байланысты осындай жағдай болды, 17 қазаннан бастап бюджет реттеледі», - делінген басқарма жауабында.
Ал Талдықорған қаласы білім бөлімінің хабарлауынша, қалада 5 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері қыркүйекте жалақы алмаған.
«Талдықорған қаласындағы №10, №11, №12, №13, №21 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері 2022 жылдың қыркүйегі үшін жалақысын алмады. Бұл жағдай 2022 жылдың бюджет қаражатын Алматы облысына және Жетісу облысына бөлуге байланысты қалыптасты», - делінген білім бөлімінің ақпаратында.
Сондай-ақ білім бөлімі білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қорында ешқандай мәселе жоқ екенін, бақылау-кассалық өткізу бойынша жұмыстар аяқталған соң барлық қызметкерге жалақы аударылатынын жеткізді.
Қызметкерлерге дер кезінде жалақысын аударуға техникалық мүмкіндік жоқ екенін айтып, түсіністік танытуға шақырды.
Айта кетейік, президенттің тапсырмасымен республикада тағы үш облыс құрылды. Бұл туралы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.
Семей аймағында Абай облысы құрылды. Орталығы Семей қаласы болды.
Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болды. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.
Бұдан бөлек, Алматы облысы екіге бөлінді. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасқан.