Кувейтте спортшыларымыз Азия чемпионы атанды

Дастан Жұмабекұлы

Жарыстың екі түрінен қос алтын жүлде алды

фото: instagram.com/flavko.kz/

Жеңіл атлетикадан Қазақстанның ұлттық құрама командасы жасөспірімдер арасында Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Сары құрлық додасында алғашқы алтын жүлдені Сабрина Арзиева жеңіп алды. Ол 5 000 метрге арналған спорттық жаяу жүру жарысында алдына жан салмай, мәреге 27 минут 35 секундтта бірінші болып жетті.

Кувейтте өтіп жатқан тағы бір Азия чемпионатында семсерлесуден Қазақстан командасы жеті жүлдені жеңіп алды. Отандастарымыз бір алтын, екі күміс және төрт қола медальге ие болды. Бұл сында жалғыз алтын медальді шпагадан София Николайчук иеленді. Владислава Адреева, Александра Тамбовцева мен Виктория Кайдарова күміс және қола жүлдені қанағат тұтты. Семсерлесудің сабля түрінен Жасмин Капыджы, Диляра Исабекова, Каиша Жәнібек пен Әдемі Серікбай да құрмет тұғырынан көрінді.

Осы чемпионатта шпагадан Қазақстанның ерлер командасы қола жүлдегер атанды. Команда сапында Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Георгий Тинников, Никита Жулинский өнер көрсетті.