×

Алматыда белсенділер сотталған Ержан Елшібаевқа араша сұрады

Адвокат Елшібаевқа қатысты үкім заңсыз шығарылғанын айтты

 Халық үні 13.10.2022 | 14:49
Halyq Uni

Алматыда белсенділер қамаудағы Ержан Елшібаевқа араша сұрады. Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы оның түрмеде жазықсыз отырғанын айтады. Оның сөзінше, белсендіні түрмеден шығармау үшін тағы да 8 жылға соттаған.

«Билік қоғамдағы саналы, белсенді, күрескер азаматтарды оқшаулап, түрмеде ұстауға тырысады. Елшібаев соның бір көрінісі және соның құрбаны. Оны Қызылордадағы түзету мекемесінде тәртіпке бағынбады, өз-өзіне дене жарақатын салды, қарсылық білдірді, өз тәртібін орнатпақ болды деген айыппен қайтадан 8 жылға соттады. Сот үкімімен танысып шықтым, ол өзінің кінәсін мойындап отырған жоқ. Тағылған айыппен келіспейді», - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оның сөзінше, мұның бәрі қолдан жасалған.

«Куәлерді алып қараңыз, барлығы түрме қызметкері мен сол жерде жазасын өтеп жатқан адамдар. Олар басшылығы қандай куәлік жаса десе, соны істейді. Ал жазасын өтеп жатқандарға қысым жасау оңай. Не айт десе, соны айтады. Біз ол жерде болған жоқпыз. Бірақ сезіп, біліп отырмыз. Бұл азаматты жалған айыппен соттап отыр», - деді Сәрсенбайұлы.

Адвокат Шымқуат Байжанов Елшібаевқа қатысты шығарылған үкім заңсыз екенін айтады. Оның сөзінше, сот шешімі халықаралық заңдарға да қайшы келеді.

«Елішбаевқа қатысты шығарылған үкім заңсыз. Бұл Қазақстан ратификациялаған халықаралық заңдарға да қайшы. Соның ішінде азаптау заңына қарсы. Ержан Елшібаев бес жыл жазасын өтеді. Бір жылы ғана қалды. Осы уақытқа дейін мерзімінен бұрын босау, жазасын шартты жазаға ауыстыру өтінішінің барлығын қанағаттандырмай келді. Ең соңында қайтадан 8 жылға соттап жіберді. Яғни, қылмыстық кодекстің 428-бабы бойынша 7 жыл берді де, алдыңғы бір жылын қосып, 8 жылға соттап жіберді. Бұл масқара жағдай. Алдыңғы жазасын қосатын болсаңыз, бұл азамат кісі өлтірген адам ұқсап 12 жыл түрмеде отырайын деп тұр», – дейді Байжанов.

Қыркүйекте Қызылорда соты Ержан Елшібаевтың жаза мерзіміне 7 жыл қосып, түпкілікті 8 жыл жаза мерзімін тағайындаған. ЗК-169/5 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан белсенді «мекеме тәртібіне бағынбады, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді» деп айыпталған. Ол өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген.

Айта кетейік, маңғыстаулық 34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі тұрмысы төмен отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Құқық қорғау органдары Ержан Елшібаевты Қылмыстық кодекстің 106-бабы «біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» деп айыптап, 2019 жылдың қарашасында Жаңаөзен қаласы соты 5 жылға бостандығынан айырған. Оның жазасы 1 жыл 6 айдан кейін аяқталуы керек еді.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама