«Шешімді мен қабылдаған жоқпын»: Біртанов соттан санавиацияға қатысты істі тоқтатуды сұрады
Мемлекеттік айыптаушы экс-министрді 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты іс бойынша жарыссөз жалғасып жатыр. Жарыссөз барысында айыпталушы Елжан Біртанов соттан санитарлық авиацияға қатысты істі дереу тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«ПРОКУРОР НАҚТЫ ДӘЛЕЛ КЕЛТІРМЕДІ»
«Мемлекеттік айыптау сот тергеуі барысында маған тағылған айыпқа қатысты дәлел ұсынбады, оның ішінде платформаға қатысты да, санавиацияға қатысты да дәлел келтірмеді. Менің лауазымды өкілетімді теріс пайдаланғаныма да дәлел жоқ. Нақты қандай өкілетімді қандай формада теріс пайдаланғаным айтылмады. Мұны айыптаушы тараптан іс барысында тарқатып айтып беруді сұрадым. (...) Айыптау актісінде бастапқыда мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыру мақсатында әрекет етті деп көрсетілді. Алайда мемлекеттік айыптау іс барысында оған дәлел келтіре алмады. (...) Маған бұйрыққа қол қойғаным үшін айып тағылып отыр. Одан басқа әрекет жасамадым. Жалпыға ортақ шындық – бұл бұйрықтар міндетті болып табылады. Оларға қол қоймауға себеп болмады. Оған барлық негіз болды», - деді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ экс-министр Тараз қаласында санитарлық авиация ұшағын пайдаланғанын да қылмыс деп санамайтынын жеткізді.
Менің санавиация ұшағын пайдаланғаным да қылмысқа жатпайды. Ол мемлекет мүддесі үшін, басқа адамдардың денсаулығын қорғау үшін жүзеге асырылды. Бұл жерде ешқандай шығын жоқ деп санаймын, - деді экс-министр.
БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.
Біртанов жарыссөз барысында мұны Жамбыл облысына жасалған іссапардың бір бөлігі деп атады. Оның сөзінше, 2020 жылдың 12-13 маусымында үкімет мүшелері жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барған.
«Сотқа бұған қатысты жұмыс жоспары көрсетілген премьер-министрдің кеңсесі бекіткен ресми құжатты ұсындық. Ол жерде ұшу-ұшып келу уақыты, Үкіметтің бірнеше мүшесінің жұмыс жоспары нақты көрсетілген. Бұл іссапардың негізгі бөлігі коронавирус пандемиясымен күреске арналды. Ол жерде менің баруыма негіз бар», - деді Біртанов жарыссөзде.
Экс-министр коронавирус инфекциясы жұқтырғаны нақтыланбаса да, өзінің ең қауіпсіз жолды таңдап елодаға қайтқанын айтты.
«...Егер мен штаб бастығы болмасам, Таразда қалып емделуші едім. Мен Астанаға емделу үшін келген жоқпын. Өзімнің қызметтік міндетімді әрі қарай жалғастыру үшін ең қауіпсіз жолмен қайттым. Мақсатым мемлекет мүддесінде басқа адамдардың денсаулығын қорғау болды. (...) Таразда сырқанттанып қалғанымды түсіндім. Бірақ мен министр ретінде астанада жұмыс істеуім керек еді», - деді Біртанов.
Айтуынша, астанаға келген соң қайтадан коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырып, жұмысына барған.
«...Бұл жерде өкілетімді асыра пайдалану дерегі жоқ екенін нақтылаймын. Себебі менің әрекеттерім талапқа сай келеді, мен өз өкілетім аясында әрекет еттім, оны асыра пайдаланбадым. Лауазымдық өкілетімді теріс пайдаланған жоқпын, себебі оған жеке себептерім болмады. Санавиация ережелеріне сәйкес, министр ретінде ауызша тапсырма бере аламын. Бұл бұйрық емес. Әрі қарай санавиация басшылығы өз талаптарына сәйкес шешім қабылдайды. Бұл жерде шешімді мен емес, санавиация басшылығы қабылдайды. Бұл шешімді мен қабылдаған жоқпын. Бұл іс құжаттарында нақты көрсетілген. Менің қызметтік өкілетім ең алдымен денсаулық сақтау министрі ретінде іссапардан келуім қажет екенін көрсетеді. Сол уақытта мен денсаулық сақтау министрі, коронавирусқа қарсы штабтың бастығы болдым. Егер мен сол кезде Таразда қалып, өз қызметімді орындамасам, бұл лауазымдық өкілетін асыра пайдалану болады», - деді Елжан Біртанов жарыссөз барысында.
...Иә, мен сол ұшақпен келдім. Бірақ ол талапқа сай келеді. Менің басқа амалым болмады. Бұл бір рет болған жағдай. Үнемі қайталанған жағдай емес. Бұл қылмыстық құқықбұзушылыққа жатпайды, - деді Біртанов.
Мемлекеттік айыптаушы жарыссөз барысында Біртановтан санитарлық авиация бортын пайдалануға жұмсалған 5 млн 503 мың 721 теңге өндіріп алу қажет екенін айтты.
«Тексеруші санитарлық авиация бойынша шығынды 4, 7 млн теңге деп бағалады. Денсаулық сақтау министрлігі 5,5 млн теңгені көрсетті. Министрлік өкілдеріне сұрақ: 800 мың теңге қайдан шықты?», - деді Біртанов жарыссөзде.
Біртанов санитарлық авиацияға қатысты істі тоқтату туралы өтінішхат жолдады.
Оның айтуынша, істе Бас көлік прокуратурасының бір-біріне байланысы жоқ екі баянаты бар. Екеуі де жүргізілген бір тексеруге сүйенеді, алайда уақыты сәйкес келмейді.
Елжан Біртанов Бас көлік прокуратурасының бір баянаты қаншалықты жарамды екенін нақтылауды сұрады.
«Қорыта айтқанда, бұл істі қозғау үшін рұқсат етілмеген дәлелдер пайдаланылған. Оған ешқандай негіз болмаған. Мұны тек маған қысымды күшейту, айыпты көбейту үшін енгізген. Санитарлық авиацияға қатысты қылмыстық іс заңды бұзу арқылы басталды, яғни оны заңсыз деп санаймын. Сондықтан мен оны дереу тоқтату туралы өтініш білдіремін», - деді Біртанов.
Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.
Жарыссөз 2022 жылдың 13 қазаны сағат 14:00-де жалғасады.
БІРТАНОВТЫ 6 ЖЫЛҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Елжан Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында («лауазымдық өкілетін теріс пайдалану») көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және оны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыру ұсынылды.
Сондай-ақ прокурор Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтен бір жарым миллиард теңге өндіріп алуды сұрады.
Айта кетейік, Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біртанов бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.
Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды.