Министрдің айтуынша, биылдан бастап Назарабаев университетіне бөлінетін қаржы қысқартылады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Хабар 24» арнасында «Бетпе бет» бағдарламасына қатысып, биылдан бастап өңірлік университеттерге көп көңіл бөлінетінін мәлімдеді.
Айтуынша, айрықша маңызға ие болып келген Назарбаев университетіне бюджеттен бөлінетін қаражат биылдан бастап қысқартылады. Оқу орны біртіндеп өзін-өзі қаржыландыру принципіне көшеді.
«Елімізде 121 оқу орны бар. Оларға тең дәрежеде көңіл бөлуіміз керек. Мен еліміздегі бүкіл өңірді аралап жүрмін. Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, батыс пен шығыстағы үлкен университеттерге соңғы 10 жылда жеткілікті қаражат бөлінбеген. Соның салдарынан олар қаусап қалған. Биылдан бастап Назарбаев университетіне бөлінетін қаржы қысқартылады. Бұл қаражат өңірлік университеттерге беріледі. Өңірлік университеттерге бетбұрыс басталады», – деді ол.
Министр студенттердің жатақхана мәселесі де басты назарға алынатынын баса айтты.
«Өңірлердегі оқу орындарының зертхана, инфрақұрылым, оқу қорпусы және жатақхана мәселесі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Биылдан бастап осы мәселелермен айналысамыз», -дейді Саясат Нұрбек.