«Ағасы 2 бөлмелі пәтер ұсынып, қысым көрсеткен»: Шымкентте неке түнінде күйеуі ұрып өлтірген мұғалімнің анасы Тоқаевқа үндеу жолдады

Халық үні

Марқұмның анасының айтуынша, күдіктінің ағасы екі бөлмелі пәтер ұсынып, кешірім алмақ болған

ашық дереккөзден

Шымкентте неке түнінде күйеуі ұрып өлтірген мұғалімнің туыстары әділдік іздеп, Президентке үндеу жолдады.

Марқұмның анасының айтуынша, күдіктінің ағасы екі бөлмелі пәтер ұсынып, кешірім алмақ болған. 

Сағида Бәйменованың анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видеоүндеу жолдады. Бұл жолы қызынан айырылған тұрғын ұстаздың өліміне қатысты қозғалған іс бойынша тергеу жұмыстары әділ жүріп жатқан жоқ деп қынжылды. Әйелдің айтуынша, аталған қылмыстық іс туралы тергеуші ешқандай ақпарат бермей отыр.

Мұғалімнің анасының видеосын қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Күйеуінің қолынан көз жұмған Сағида Бәйменованың анасының айтуынша, күдікті деп қамауға алынған күйеу баласының ағасы кешірім үшін екі бөлмелі пәтер ұсынып, қысым көрсеткен.

«Ағасы күнде кешкісін келіп, «келісейік, қалаған жеріңнен екі бөлмелі пәтер әпереміз» деп отыр. «Біз министрлікпен, бар жақпен келісіп қойдық» дейді. Сонда бізде адам өлімі осылай шешіле бере ме? Тергеуші тергеу материалдарымен таныстырмайды. «Не болып жатыр?» десек, «сотта бір-ақ білесіз» дейді. Әлі бізден түсініктеме де алмады. Тергеу әділ жүріп жатқан жоқ. Өзім тергеушіге 2-3 рет бардым. «Тергеумен таныстыратын менің бастығымсыз ба? Сот болатын кезде бір-ақ танысасыз» деп айтты», — дейді марқұмның анасы.