Талдықорғанда аурухана қызметкері 116 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Дәрігерлерге 5 айдан бері зейнетақы мен медицина қорына жарна аударылмаған
Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының қызметкері ірі көлемде ақша ұрлады деген күдікке ілінді. Дәрігерлерге бөлінуге тиіс миллиондарды бухгалтер қалтасына басып келген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бухгалтердің үстінен медициналық мекеме қызметкерлері шағымданған. Олар аурухана басшылығы 5 айдан бері зейнетақы мен медицина қорына жарна аударылмағанын кездейсоқ білген. Ал аурухана директоры бұл іске қатысы жоқ екенін айтады.
Қазір шу шыққан мекеменің бухгалтері қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Алдын ала болжам бойынша ол 116 миллион теңгені қолды қылған.
«Бұл іске қатысты комиссия құрылды. Қатарында денсаулық сақтау саласы, еңбек инспекциясы, медициналық сақтандыру қорының мамандары бар. Мәселені бірлесе қарап, тексеру қорытындысы жарияланады», - деді Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне науқастар тарапынан жасалатын шабуылдар мәселесін шешу мақсатында арнайы тұжырымдама дайындады.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы