18 бен 20 жас аралығындағы бес жігіт 2 жылдан 3,5 жылға дейін сотталды
Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлаған 5 адамға қатысты сот үкімі шықты. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратынан 12 дана атыс қаруы мен оқ-дәрі жымқырған.
Сот шешімімен бес азаматтың үшеуі 3,5 жылға, тағы екеуі 3 және 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, айыпталушылар 200 миллион теңгеден аса материалдық шығын келтірген.
«Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы қару мен оқ-дәрілерді жымқыру, заңсыз тасымалдау және сақтау әрекетін жасаған 5 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. 2022 жылы 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні сотталушылар Тараз қаласында қирату, бұзу, мүлiктi жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктердің болып жатқанын пайдаланып, қару жымқырған және оларды үйінде сақтаған. Олар бұрын соңды сотты болмаған», - деді Тараз қаласы №2 сотынының төрағасы Ербол Дүйсенбаев.
Сондай-ақ, сот төрағасының сөзінше, келешекте сотталған бес азаматтың жазасы жеңілдетілуі мүмкін. Бұған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялағаны әсер етеді.
Айта кетейік, сотталғандар – 18 бен 20 жас аралығындағы жастар. Олар өз кінәсын толық мойындап, жасаған қылмыстары үшін өкінетіндерін айтқан.