Алматыда полицейлер ер адамды өлімнен құтқарды
Тұрғын дер кезінде полицияға хабарласқан
Алматыда тәртіп сақшылары суицидке жол берген жоқ деп хабарлады Polisia.kz.
Оқыс оқиға Түрксіб ауданында болды. Ш. есімді тұрғын көршісіне телефон арқылы хабарласып, итіне бірнеше күн қарап беруін өтінген. Әңгіме барысында ол өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айтқан. Мұны естіген әйел бірден 102 нөміріне хабарласыпты.
Үйге патрульдік жасақ, тергеу-жедел тобы және полиция департаментінің басшысы келді. Үй иесі мас болып, аспанға бірнеше рет оқ атқан. Ешкім зардап шеккен жоқ. Полицейлер ер адамды ұстап, оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтықты тәркіледі, - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының басшысы Еркін Амантаев.
Медициналық тексерістен кейін ер адамның мас болғаны анықталды. Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді.