Жас баланы қағып өлтірді деген күдікке ілінген Тараз қаласы әкімдігінің экс-қызметкері сотталды
Жанайдар Жолдасов мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікке де ілінген еді
Тараз қалалық әкімдігі «Медиа орталығының» экс-басшысы мен «Benediximus» компаниясының директоры 76 миллион теңгені жымқырған.
Жемқорлық бойынша істі болған Жанайдар Жолдасов пен Абзал Әбдешевтің ісі Тараз қаласының №2 сотында қаралды. Қос азамат «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру» деген айыппен сот алдында жауап берді. Сот «Smart city: ашық әкімдік» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны жымқырды деген айыптаумен экс-шенеунікті 7 жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Еске салайық, былтыр қараша айында Гаухар Қапарбекова есімді Тараз тұрғыны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, 18 жастағы ұлын көлік қағып кеткенін, ал рөлде қала әкімдігінің қызметкері отырғанын айтты.
18 жастағы ұлымды әкімдік қызметкері Жанайдар Жолдасов есімді жігіт өзінің BMW автокөлігімен қағып өлтіріп, қашып кетті. Ол әлі бостандықта жүр. Президент мырза және халқым, сіздерден әкімшілік қызметкері әділ жазасын алып, істі жауып тастамас үшін көмек сұраймын, - деп өтінді Гаухар Қапарбекова.
Қайғылы жағдай былтыр 23 қарашада таңғы сағат алтыда болған. Кейінірек адам өліміне қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы шенеунік ұсталып, қамауға алынды.