ЕҰУ студенті үлкен сандарды калькуляторсыз есептеу формуласын тапты

Динара Амантай

Жас ғалымның қоржынында 33 түрлі формула бар

Бек Мұсабеков, фото: @gylym.jogarybilim

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің жаңа формуласын ойлап тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жас ғалымның қоржынында 33 түрлі формула бар. Дарынды студент келешекте өз еңбегін патенттеп, шәкірт тәрбиелеуді армандайды.

Ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Бек Мұсабековтің математика саласына қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. Талантты жас квадрат және куб әдістерімен формулаларды 9-сыныпта алғаш рет ойлап тапқан. «Түбір астынан жуықтап табу» амалын баған және квадрат арқылы шешу де оның мектептегі еңбегінің жемісі. Нақты ғылымға қызыққан студент ізденімпаздығының арқасында үлкен сандарды калькулятордың көмегінсіз есептеуге болатын формула жасап шығарды.

Калькулятор қолдану мүмкіндігі жоқ барлық жерде, тіпті емтиханда да менің формуламмен есептер еркін шығарылады. Оның үстіне бұл – уақыт үнемдеуге де үлкен мүмкіндік. Енді осы формулаларымды патенттеп алғым келеді. Менің ойлап тапқан формуламды оқу бағдарламасына кіргізуге болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта математикадан шәкірт тәрбиелеп, оқушыларымды олимпиадаларға дайындасам деген ниетім бар, – дейді жас ғалым.

Бек Мұсабеков өзінің қабілетін 2021 жылы «Дарынды жас ғалым» республикалық ғылыми-жобалар байқауында ортаға салып, «Дарын» аталымы бойынша топ жарды. Ол «ҚР тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен де марапатталған.