Президент марқұмның туыстарына көңіл айтты
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы, филолог, профессор Наум Шафер қайтыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев профессор Наум Шафердің туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Наум Григорьевич үлкен өмір жолынан өтті. Артына бірегей әдеби-музыкалық мұра қалдырды. Шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Ол бүкіл саналы ғұмырын мыңдаған музыкалық шығарма мен кітапты, соның ішінде қазақ халық әуендерінің жазбаларын жинауға арнады. Наум Григорьевичтің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», – деп жазылған жеделхатта.
Наум Шафер 1931 жылы Молдовада дүниеге келген дүниеге келген. Балалық шағы Бессарабияда өткен. 1941 жылы ата-анасы, бауырымен бірге Қазақстанға депортацияланған.
Шаферден 25 000 жазба, 1500 таспа, 1500 аудио кассета және үлкен кітапхана мұраға қалды.
Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар жұртшылығымен кездесіп, Наум Шафердің еңбегі туралы айтты.
Президент Наум Шафер жинағында жеке дара үлгілермен қатар қазақтың халық әуендерінің алғашқы жазбалары да бар екенін атап өткен болатын.
Мұндай адамдар біздің қоғамға, әсіресе жастарға үлгі болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.