Halyq Uni логотип
×

Мемлекеттік сатып алу: ТЖМ жариялаған конкурсты тек бір компания жеңіп алады

«Атамекен» ҰКП министрлікке қатысты талдау жүргізуді ұсынды

 Халық үні 12.10.2022 | 12:00
Мемлекеттік сатып алу: ТЖМ жариялаған конкурсты тек бір компания жеңіп алады
көрнекі фото: ашық дереккөзден

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесінде сатып алу кезінде бәсекелестікті шектеу мәселесі қаралды.

Қазір министрлік әкімдіктермен бірлесіп облыс және аудан орталықтарында халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйелер электр сиреналары мен дабылмен құлақтандыру құралдарын іске қосуды қамтуға тиіс және төтенше жағдай кезінде халықты уақтылы ақпараттандыру және хабардар ету үшін қарастырылуы керек.

Мемлекеттік бағдарламада осы мақсатта 19,9 млрд теңге қарастырылған. Қазақстанның барлық елдімекенін, соның ішінде 2352 ауылдық округті құлақтандыру жүйесімен қамту көзделіп отыр. Ескерту жүйелерін сатып алу 2015 жылдан бастап жүргізіледі.

Кәсіпкер Меруерт Cергееваның айтуынша, мемлекеттік сатып алудың барлық дерлік конкурсын тек бір компания жеңіп алады екен.

«Бұл 2021 жылы ТЖМ осы өндірушінің құлақтандыру жүйесін басқарудың республикалық пультін орнатқанымен байланысты. ТЖМ жаңадан енгізілетін жабдықты орнату, күтіп-ұстау жұмыстарын осы өндірушімен іске асыру бойынша міндетті талап қойды. Өндіруші болса бұдан бас тартады немесе сүйемелдеу хаттамалары үшін қосымша қомақты ақы талап етеді», – деп хабарлады Меруерт Сергеева.

Хабарландыру жүйесін орталықтандыруға жауапты ТЖМ мәселені шешуден бас тартқан. Коммерциялық ұйымдар арасындағы келіссөздер арқылы осы мәселелерді шешу ұсыныстарымен ғана шектелген.

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, осы іс-қимылдардың нәтижесінде құлақтандыру жүйесін енгізу кезіндегі бәсекелестік әділдік қағидатынан айырылып отыр.

Нәтижесінде Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жергілікті атқарушы органдар сатып алған басқа фирма шығаратын жабдықты пайдалануға беруге болмайды, – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Қазірдің өзінде бұл жағдайға қатысты мемлекет пен бизнес арасында сот даулары басталған. Өйткені лауазымды тұлғалардың ұсынымдары бойынша басқа өндірушілерден құлақтандыру жүйелерін қабылдау актілері жасалмайды. Кәсіпкерлер алдында жұмыстардың орындалмауына байланысты кәсібін адал жүргізбейтін жеткізушілер тізіміне енгізу қаупі туындады. Сонымен қатар, мемлекеттік орган жасанды түрде енгізген монополия жалғыз жеткізушінің жабдық құнының екі есеге өсуіне әкелді.

ТЖМ міндеттеріне республикалық құлақтандыру жүйесін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оны жарақтандыру және дамыту кіретінін атап өткен жөн. Бұл функцияларды коммерциялық ұйымға беру халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына әкеп соғады, - деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес облыстық, қалалық және аудандық құлақтандыру жүйелерін республикалық пультпен біріктіру мақсатында республикалық пультті ұштастыру хаттамаларын құлақтандыру жүйелерін белгілеу кезінде жергілікті атқарушы органдарға кедергісіз ұсынуды, ал техникалық ерекшелікке қажетті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Кеңес сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге бастамашылық жасауды ұсынды. Оның нәтижесі туралы 2022 жылғы 1 қарашаға дейінгі мерзімде хабардар ету қажеттігі белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама