Талдықорғанда студенттерге несие рәсімдеткен комендант ұсталды
Жәбірленушілерге келтірілген шығын - 14,7 млн теңге
Талдықорғанда Жетісу университетінің студенттері коменданттың үстінен арызданып, күдікті ұсталды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Студенттердің айтуынша, жатақхана коменданты оларға айфон телефонын алу үшін несие рәсімдеткізіп, оны төлемей қойған. Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тексеру жүріп жатыр.
Осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті ретінде 41 жастағы әйел ұсталды. Ол расымен студенттердің жатақханасында комендант болып жұмыс істейді. 11 қазан күні күдікті полицияға жеткізілді. Тергеу органы 10 студент пен 2 жатақхана қызметкерінен түскен арыз бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығын – 14,7 млн теңге. Бірақ күдікті денсаулығының күрт нашарлап кетуіне байланысты түсініктеме беруден бас тартты. Қазір ол ауруханада жатыр, - делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазір полиция күдіктінің өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.