×

Ақорда Тоқаев пен оның ұлына қатысты OCCRP зерттеуіне жауап берді

Берік Уәли президентке қарсы «ақпараттық шабуыл» жүріп жатқанын айтты

 Ербол Тұрымбет 21.02.2022 | 14:42
фото: ашық дереккөзден

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың швейцариялық банкте қаржылық шоты жайында жарияланған ақпаратқа жауап берді.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатқандай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың швейцариялық банкте қаржылық шоты жоқ. Сондай-ақ Президенттің шетелдік банктер мен офшорлық компанияларға да ешқандай қатысы болмаған және шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы жұбайының да мақалада жазылғандай ешқашан қаржылық шоты болмаған», - деп жазды Берік Уәли.

Ал, Қазақстан президентінің 38 жастағы ұлы Тимур Тоқаев – кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген екен.

«Өздеріңіз білесіздер Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Бұл Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын», - деп қосты Берік Уәли.

Еске салайық, 20 ақпанда Vlast.kz сайтында OCCRP зерттеуіне негізделіп «Офшорные секреты Токаева» деген атаумен мақала жарияланды. Онда Қазақстан президентінің Женева мен Мәскеуде пәтері, швейцариялық банкте қаржылық шоты бары жазылған. 

OCCRP (Organized Crime and Corruption Reporting Project) - ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы, зерттеулер жүргізетін тәуелсіз медиаорталықтар мен журналистердің әлемдік желісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама