Жарақат алған әйел ауруханада жатыр
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында әйеді балконнан лақтырып жіберген күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қарқаралы ауданы полиция бөліміне ауданға қарасты ауылдардың бірінен 48 жастағы азаматшаның дене жарақаттарымен ауруханаға түскені туралы хабарлама түсті.
«Жедел-тергеу тобының қызметкерлерімен жәбірленушіден дене жарақаттарын қандай жағдайда алғандығын анықтау үшін жауап алу жүргізілді. Белгілі болғандай, ол оқиға болған күні өзінің 39 жастағы танысының үйінде болған. Отырыс барысында екеуі сөзге келген. Арада шыққан дау-жанжал кезінде 39 жастағы азамат жәбірленушіні үшінші қабаттың балконынан жерге лақтырып жібергені анықталды», - деп көрсетті Қарағанды облысы полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол қызуқандылықпен осындай қадамға барғанын айтты.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.