Қаңтар оқиғасынан кейін кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын – Тоқаев
Президент бүлікшілер мен бұзақылардың жауапқа тартылғанын жеткізді
Бүгін 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды.
Мемлекет басшысы елшілердің қатысуымен өткен жиында Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы туралы тоқталып, ішкі және сыртқы деструктивті күштер ауыр әрі қатыгездікпен шабуыл жасағанын айтты.
«Қаңтар оқиғасынан» кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Президент ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенім грамоталарын Моңғолия елшісі Дорж Баярхуу, Грекия елшісі Эфталия Какиопулу, Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман, Марокко елшісі Мухаммед Рашид Маанину, Канада елшісі Алан Уилфред Хэмсон, Израиль елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман, Мажарстан елшісі Отто Иван Рона тапсырды.