Полиция әйелі мен қызын пышақтаған директорға қатысты мәлімдеме жасады

Халық үні

37 жастағы директор сол күні Ұстаздар күні мерекесін тойлаған екен

фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында бала-шағасына пышақ ала жүгірген мектеп директоры «адам өлтіруге оқталды» деген баппен тергеліп жатыр.

Жаңақоныс кентінің 37 жастағы мектеп директоры отбасындағы дауда педагог жұбайы мен жас өгей қызына пышақ қолдану арқылы бірнеше жерінен жарақаттаған. Дене жарақаттары жеңіл. Жиналған дәлелдеме жиынтығымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылып, ҚР ҚК 128-бабының талабына сәйкес ұсталды, - дейді Ақтөбе облысы прокуратура басқармасы басшысының орынбасары Темір Бекетов. 

Жаңақоныс орта мектебі басшысының мұндай қылмысқа барғанына ауылдастары таңқалып отыр. Әріптестері де бұрын-соңды ерсі қылығын көрмегенін айтады.

37 жастағы директор сол күні Ұстаздар күні мерекесін тойлаған. Мас болып, әйелімен сөзге келген. Жүкті келіншегіне пышақ ала жүгіріп, денесінің бірнеше жерін тілгілепті. Сегіз жасар өгей қызының да құлақ тұсын пышақпен осып өткен.

Қазір ол қамауда отыр.