«Қар жауғандай»: жылу беру маусымы басталған соң Семей қаласын қара күйе басты
Қалада жылу беру маусымы 29 қыркүйекте басталды
Жылу беру маусымы басталған соң Семей қаласын қара күйе басты. Тұрғындардың айтуынша, бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Алайда лас ауамен тыныстап, киімі де, көлігі де қара күйе болатынын айтқан семейліктер мәселені шешуді сұрап отыр.
«Қазандықтарға от жаға бастағаннан кешкі уақытта не далаға кір жая алмаймыз, не терезе ашып отыра алмаймыз. Ауа ластанып жатыр, барлық жер қап-қара күйе, кір», - дейді Семей тұрғыны Әйгерім Құрманбекова.
Енді бірі баласын далаға шығара алмай отырғанын айтады.
«Мына жердегі түтіннен аулаға шығып, балаларды ойнату мүмкін емес. Есікті ашып қойсақ түтін үйге кіреді. Терезені ашсақ, түтін. Үйдің іші күйе болып кетеді. Пердені жуған соң бірнеше күнде қайта қап-қара болады», - дейді семейлік Нұрлан Жұмаділова.
Ал қалалық «Жылукоммунэнерго» басшысы мұндай қою түтіннің шығуына ең алдымен көмірдің ұсақ екені себеп болған. Сондай-ақ қазандықтарда сүзгінің болмауы да әсер етеді.
«Семейде инфрақұрылым өте нашар екенін президент те айтты. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Мәселені шешумен айналысып жатырмыз. Сүзгі де қоямыз, басқа мәселені де шешеміз», - дейді Семей қаласы «Жылукоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысы Серік Түленбергенов.
Ол сондай-ақ мәселе шешілуі үшін жылу электр станциясы (ЖЭС) салынуы керек екенін айтты.
Динара Ерболқызы, Абай облысы