Оның жағымсыз әрекетін басқа оқушылар да білген
Павлодарда мұғалімге тіл тигізген оқушы сот алдында жауап береді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қаладағы мектептердің бірінде оқушы WhatsApp-та мұғалімді балағаттаған. Кейін ұстаз облыстық полиция департаментіне шағымданды.
Оқушы мұғалімнің ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Мұны басқа оқушылар да білген. Бұл әрекеті үшін кәмелет жасына толмаған балаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы («Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енген болатын. Онда мұғалімді жұмыста құрметтемегені немесе қорлағаны үшін жеке тұлғаға 30 АЕК (95 мың 400 теңге, 1 АЕК – 3 мың 180 теңге) айыппұл салу көзделген. Егер 12-16 жас аралығындағы жасөспірім мұғалімге тіл тигізсе, оның ата-анасына 20 АЕК (63 мың 600 теңге) айыппұл салынады. Ал заңды қайта бұзса 40 АЕК (127 мың 200 теңге) салынады немесе 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.