Бұл - жедел әрекет ету қызметтерін шақырудың бірыңғай нөмірі
Жыл басынан бері 112 шұғыл нөміріне 5 миллионға жуық қоңырау түскен деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
ТЖМ Дағдарыс жағдайларда басқару орталығының мәліметінше, 112 шұғыл нөміріне 4 901 489 қоңырау түскен. 112 – Қазақстанда жедел әрекет ету қызметтерін шақырудың бірыңғай нөмірі. Оған өртке қарсы қызмет, полиция, жедел медициналық көмекке байланысты қоңыраулар шалады.
Оның ішінде жедел ден қоюды талап ететін ТЖМ желісі бойынша өрт, су тасқыны, қар кептелісі, төтенше жағдайға тап болған адамдардан 461 701 қоңырау түсті. Әр жағдайда оларға көмек көрсетіліп, ақпарат әрекет үшін құзыретті қызметтерге берілді. Сонымен қатар, «101» пульті – өрт сөндіру қызметінің телефонына табиғи, техногендік және тұрмыстық өрт бойынша 412 329 қоңырау түсті, – делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, диспетчердің пультіне жану туралы уақтылы хабарлау кезінде өрттің дамуына жол бермеу және таралуын болдырмау мүмкіндігі бірнеше есе артады. Бұл мәселе жылыту маусымы қарсаңында ерекше өзекті болып отыр. Статистикаға сәйкес тұрмыстық өрттер саны артып келеді.
Сонымен бірге министрлік жедел қызметтердің телефондары келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және өңдеу процесінің объективтілігі мен жетілдіру үшін (112, 101) нөмірді анықтау бағдарламасымен және сөйлеуді жазу жүйесімен жабдықталғанын еске салды.