Екі үндістандық 26 маусымда суға батып кеткен
Түркістан облысында суға батып кеткен екі шетелдік студенттің бірінің денесі табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 10 қазан сағат 13:15-те Ақсу өзенінен Ханарық ауылының солтүстік жағынан төмен қарай 1,5 шақырым жерде бір адамның мәйітін тапты.
«Табылған мүрде сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды», - деп хабарлады ТЖД.
Айта кетейік, 2022 жылдың 26 маусымында Төле би ауданының Ханарық ауылынан бес шақырым жерде орналасқан Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде 2001 жылы туған 2 студенттің белгісіз жағдайда суға батып кеткені белгілі болды.
21 студенттен құралған топ Шымкент қаласынан барған. Барлығы Үндістан Республикасының азаматы, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері.
Департаменттің хабарлауынша, бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Іздеу жұмыстарына республикалық жедел-құтқару жасағы мен Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылған.